Солтүстік Қазақстан облысында қашықтықтан жасалған алаяқтық туралы қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. infohub.kz сайтының хабарлауынша, қылмыскерлер Петропавл тұрғынына қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, оның шоттарына бөгде адамдардың қол жеткізгенін айтқан. Ақшаны қорғау сылтауымен алаяқтар ер адамды несие рәсімдеп, ақшаны көрсетілген шотқа аударуға көндірген.

Осыдан кейін қылмыстық схемаға қатысушылардың бірі Павлодарда банкомат арқылы жәбірленушіге тиесілі 2 миллион 860 мың теңгені қолма-қол алып, оны криптовалютаға айырбастап, бір бөлігін өзіне сыйақы ретінде қалдырған. Бетін медициналық маска мен кепкамен жасырып, банкомат алдындағы бейнекамералардан құтылуға тырысқан.

Алайда бұл айла-шарғылар көмектеспеді. Тергеу барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады — ол Павлодар облысының 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Сот оның «қолма-қол ақша алушы» рөлін саналы түрде орындағанын анықтады. Мамыр айының соңында жарияланған үкім амнистияға байланысты жеңілдетілді — сотталушыға бір жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот оны жәбірленушіге келтірілген 2 млн 790 мың теңге көлеміндегі залалды өтеуге міндеттеді. Үкім заңды күшіне енді.