Қазақстанда мектеп формасының болмауына байланысты оқушыны сабақтан шеттетуге бола ма, және сыртқы келбетке қойылатын талаптарды бұзғаны үшін ата-аналар қандай жауапкершілікке тартылатыны түсіндірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ-дағы брифингте «Білім туралы» заңға сәйкес балаларды оқу процесінен шеттетуге жол берілмейтінін еске салды. «Баланың сапалы білім алуға құқығы бар. Сондықтан мектеп формасының талаптарына сай келмейтін киіммен келген баланы мектепке кіргізбеуге болмайды», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, заңнама талаптарын бұзғаны үшін ата-аналарға жауапкершілік қарастырылған. Ақпарованың айтуынша, «Білім туралы» заңның 47-бабы білім алушыларға қатысты болса, 49-бап ата-аналарды білім беру ұйымы ата-аналар комитетімен және қамқоршылық кеңесімен бірлесіп белгілеген мектеп формасын кию ережелерін сақтауды қамтамасыз етуге міндеттейді. Бұл нормаларды сақтамағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған, бұл 21 625 теңгені құрайды.