Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель федералды президенттікке өзін ұсыну мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарып, бұл идеяны абсурд деп атады. Бұл туралы ол Бухаресте өткен мемуарларының тұсаукесерінде мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оған келесі президент болуды ұсынды ма деген сұраққа жауап бере отырып, Меркель: «Федералды президент қызметіне келсек... Бұл — абсурд. Мен бұнымен айналысқым келмейді. Мен саясатта 30 жыл болдым, оның 16 жылын федералды канцлер ретінде өткіздім. Маған бұл қатты ұнады, дегенмен жұмыс өте ауыр, өте күрделі еді. Маған ұнады, бірақ қазір мен өмірде басқа нәрсемен айналыса алатыныма өте қуаныштымын», — деді.
Румынияның Agerpres агенттігінің айтуынша, бұған дейін Меркель алдағы сайлауға байланысты Германия президенттігіне ықтимал үміткерлер тізімін бастаған еді, бұл әлеуметтік сауалнамаларда көрсетілген. ФРГ-нің келесі президентін сайлау 2027 жылдың 30 қаңтарына белгіленген.


