Мексикада танымал инфлюенсер әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізіп тұрып, Синалоа штатындағы мейрамхананың алдында атып өлтірілді. Бұл аймақта есірткі картельдерінің зорлық-зомбылығы кең таралған.

TikTok-та 600 мыңға жуық жазылушысы бар, комедиялық бейнероликтерімен танымал Сесар Гастелум Кулиакан қаласындағы фастфуд мейрамханасының алдында екі досымен бірге түсіріліп жатқан. Үшеуі де тамақ жеткізушілердің ашық қызғылт сары күртелері мен рюкзактарын киген.

Кенеттен олардың қасына мотоциклмен екі адам келіп тоқтады. Жүргізуші тапаншасын алып, Гастелумды қашықтықтан атып тастады.

Синалоадағы қауіпсіздік қызметкері Reuters агенттігіне Гастелумның қазасын растап, ірі қауіпсіздік операциясы жүріп жатқанын айтты.

Бұл қастандық — Кулиакандағы қантөгістің соңғы мысалы. Синалоа картелінің фракциялары қаланы бақылау үшін күресіп жатқандықтан, қала зорлық-зомбылықтың эпиорталығына айналған.

Мексиканың қауіпсіздік кабинеті X әлеуметтік желісінде Гастелумның бірнеше жазбасын зерттеп жатқанын, олардың кейбірі қылмыстық топтың бір бөлігіне қатысты екенін жазды. Сондай-ақ кінәлілерді анықтау және ұстау үшін бейнебақылау жазбалары мен басқа да дәлелдемелер талданып жатқаны айтылды.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум сәрсенбіде билік өкілдері қастандықты тергеп, кінәліні анықтау үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Ол таңғы баспасөз мәслихатында: «Нақты қылмыскерлер, ал қажет болса, ұйымдастырушылар да ұсталуы керек, ал бұл қайғылы қастандықтың себебі анықталуы тиіс», — деді.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, Синалоа картелінің екі фракциясы 2024 жылдың қыркүйегінде қақтығыса бастағаннан бері Кулиаканда кемінде 12 әлеуметтік медиа инфлюенсері өлтірілген.

Олар Халиско штатында да нысанаға алынған. 23 жастағы Валерия Маркес өткен жылы сұлулық салонында TikTok-та тікелей эфир жүргізіп тұрып атып өлтірілген еді. Оның мыңдаған жазылушысы болған.

Билік өткен аптада Халиско Жаңа Буын картелімен байланысты қылмыстық ұяның жетекшісі Рамон Анхель Альварес Аяланы осы қастандыққа қатысы бар деп ұстағанын хабарлады. Олар сондай-ақ оны Мичоакан штатындағы екінші үлкен қала Уруапан әкімі Карлос Манцоның 2025 жылғы қарашадағы өліміне тапсырыс берген және қаржыландырған деп айыптады. Бұл қастандық бүкіл елді дүр сілкіндірді.