Мүгедектігі бар 26 мыңға жуық қазақстандықтың 48 млрд теңге көлемінде проблемалық несиесі бар. Қарыз жүктемесін азайту үшін ҚҚРА жаңа шараларды ұсынып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстанда I және II топ мүгедектігі бар адамдардың берешегімен жұмыс істеу тәсілі өзгеруде. Барлығына бірдей шешім қолданудың орнына, әрбір қарыз алушының жағдайы жеке қарастырылады — табысы, мүліктік жағдайы, отбасы құрамы және басқа да өмірлік мән-жайлар ескеріле отырып.
ҚҚРА дерегінше, қазір I және II топ мүгедектігі бар 105,6 мыңнан астам қазақстандықтың жалпы сомасы 262 млрд теңге болатын несиесі бар. Оның ішінде 26,3 мың адамның 48 млрд теңге көлемінде проблемалық берешегі бар. Алматыда мүгедектігі бар шамамен 10 мың адам несиені өтеуде қиындық көруде, олардың жалпы қарызы 8,6 млрд теңгені құрайды.
Осы санаттағы азаматтар үшін ҚҚРА Алматы әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп, берешекті кешенді реттеу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда.
Қарыз алушыларға қарызды қайта құрылымдау, қарыз жүктемесін азайту, төлемдерді кейінге қалдыру, несие мерзімін ұзарту немесе жаңа өтеу кестесі ұсынылуы мүмкін. Егер төлем қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмаса, азаматтарға банкроттық рәсімінен өту тәртібі түсіндіріледі.
«Бұл берешекті жалпай кешіру емес, керісінше, азаматтың төлем қабілетін қалпына келтіріп, міндеттемелерін қолайлы шарттармен орындауына жағдай жасау», — деп атап өтті ҚҚРА-ның әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап finkelisim.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді, ол арқылы бірнеше несиесі бар қарыз алушылар берешекті реттеуге бір өтініш бере алады. Қызметті екі және одан да көп несиегер алдында 90 күннен астам мерзімі өткен, қарыз сомасы 648 мың теңгеден 6,9 млн теңгеге дейін болатын азаматтар пайдалана алады.
Әлеуметтік осал санаттар үшін жеңілдетілген өтеу шарттары қарастырылған — ай сайынғы төлемдердің төмендеуі және төлем мерзімдерінің ұзаруы. Бірінші кезеңде платформаның әлеуетті қатысушылары шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушы болуы мүмкін.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаржы омбудсменінің жұмысының жаңа ережелері күшіне енеді, ал болашақта барлық көмек механизмдерін Бірыңғай берешекті реттеу орталығында біріктіру жоспарлануда.
Бұған дейін «Курсив» ҚҚРА банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары клиентке ұсынылатын несие немесе өзге де өнімнің оған шынымен сәйкес келетініне көз жеткізуге міндетті болатын жаңа ережелерді бекіткені туралы жазған болатын.


