Brent маркалы мұнай баррелі 103 доллардан қымбат бағамен саудаланып жатыр. Осы жағдайда әлемнің бірнеше орталық банкі энергия тасымалдаушылардың қымбаттауынан туындайтын инфляцияны тежеу үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатуға бел буды. Ал Қазақстан, керісінше, базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастырып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Көптеген ел үшін қымбат мұнай — бюджетке қосымша табыс пен валюта ағынының көзі емес, керісінше, тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне әкелетін қосымша шығыс бабы. Investing.com дерегінше, қазір Brent маркалы мұнай баррелі 103 доллардан қымбат тұр.

Осы жағдайда бірқатар орталық банк базалық мөлшерлемелерін көтеруге шешім қабылдады. Еуропалық орталық банк (Еуроодақ) 10 қыркүйекте үш негізгі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа көтерді. Федералдық резерв жүйесі (АҚШ) 16 қыркүйекте федералдық қорлар бойынша мақсатты диапазонды 0,25 п.т. ұлғайтып, 3,75–4%-ға жеткізді. Англия банкі 17 қыркүйекте базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдыруды жөн көрді, алайда комитеттегі дауыстар екіге жарылды: тоғыз қатысушының үшеуі екінші реттік инфляция қаупіне байланысты мөлшерлемені дереу 4%-ға көтеруді талап етті. Жапония банкі 18 қыркүйекте мөлшерлемені 0,25 п.т. көтеріп, 1,25%-ға жеткізді.

Барлық жағдайда орталық банктер өз шешімдерін қымбат мұнайдан туындайтын екінші реттік инфляциялық әсерлер қаупімен түсіндірді. Мұнай бағасы 100 доллардан жоғары тұрғанда бензин мен дизельдің қымбаттауы тасымалдау құнына, одан кейін азық-түлік пен тұтыну тауарларының бағасына тез ауысады.

Ал Қазақстанда керісінше жағдай байқалады. ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жүйелі түрде төмендетіп келеді. 2026 жылдың басында ол рекордтық 18% болса, маусымда 17%-ға, кейін 16,75%-ға, 16,5%-ға, қыркүйекте 16,25%-ға дейін төмендеді.

Себебі қымбат энергия тасымалдаушылар елге қосымша шетел валютасының ағынын қамтамасыз етіп, бюджетті нығайтады және теңге бағамын қолдайды. Ішкі инфляцияның баяулауымен (тамыз қорытындысы бойынша 9,8%) қатар бұл Ұлттық банкке елдегі ақша-кредит саясатын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, 2026 жылға арналған бюджетті құру кезінде Қазақстан мұнай бағасын 60 доллар шамасында белгілеген. Ал базалық мөлшерлеменің төмендеуі қазақстандықтарға қалай әсер ететіні туралы біз мұнда толық айтқанбыз.