14 жылдан астам уақытқа созылған мұра дауы қайтыс болған азаматтың қызының талап-арызын қанағаттандырмаумен аяқталды. Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот әйел мен оның әжесі арасындағы жанжалды қарады. Әжесі ұлы қайтыс болғаннан кейін мұраны рәсімдеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Кассациялық соттардың өзекті жаңалықтары» Telegram-арнасының мәліметінше, 2011 жылы ер адам қайтыс болғаннан кейін оның анасы Шымкенттегі тұрғын үй мен жер теліміне мұрагерлік құқығы туралы куәлік алған. Кейін бұл мүліктің бір бөлігі басқа мұрагерге өсиет етілген.

14 жылдан кейін қайтыс болған азаматтың қызы сотқа жүгініп, оны мұрагерлер қатарына қоспағанын айтқан. Осыған байланысты ол мұрагерлік құқығы туралы куәлік пен өсиетті жарамсыз деп тануды сұраған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның дәлелдерімен келісіп, талап-арызды қанағаттандырған. Алайда кассациялық саты басқа қорытындыға келген.

Заң бойынша мұраны мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде қабылдау қажет. Егер бұл мерзім өткізіліп алынса, оны тек сот арқылы және тек ерекше жағдайларда, дәлелді себептер болған кезде қалпына келтіруге болады.

Іс құжаттарына сәйкес, мұра қалдырушының қызы 14 жыл бойы мұраны қабылдау үшін ешқандай әрекет жасамаған, өткізілген мерзімді қалпына келтіруді сұрамаған және мұрагерлік үйде тұрып, мұраны іс жүзінде қабылдағанын дәлелдемеген.

Талапкер мерзімнің өтуін әкесі қайтыс болған кезде кәмелетке толмағанымен және ата-анасының ажырасқанымен түсіндірген. Алайда кассациялық сот мұндай жағдайларда баланың мүддесін оның заңды өкілдері қорғайтынын атап өткен. Анасының мұны істей алмағанын немесе ата-ана құқығынан шектелгенін, сондай-ақ мерзімнің өтуіне басқа да дәлелді себептердің болғанын растайтын дәлелдер ұсынылмаған.

Сот мұрагерлік құқықтардың рәсімделмеуін басқа мұрагерлік куәліктерді немесе өсиетті жарамсыз деп тану талабымен алмастыруға болмайды деген қорытындыға келген. Нәтижесінде кассациялық сот бұрын қабылданған сот актілерін жойып, талаптарды қанағаттандырудан бас тартқан.