Жезқазғанның жаңа әкімі — бұған дейін Сәтбаев қаласын басқарған Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев. Жаңа басшыны облыс орталығының активіне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен таныстырды. Бұл туралы ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланды, деп жазады infohub.kz сайты.
Мұрат Бөрібаев 1991 жылы дүниеге келген. Ол «Металлургия» және «Экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бакалавр, сондай-ақ мемлекеттік менеджмент магистрі дәрежесіне ие. Білімін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында алған.
Жаңа әкім еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің «Қарағандыцветмет» ӨБ филиалы «Нұрқазған» байыту фабрикасы бас корпусының 3-разрядты флотациялық жұмысшысы болып бастаған.
2011–2012 жылдары ол сол фабрика басшылығының әкімшілік корпусында іс қағаздарын жүргізуші болып қызмет етті, кейін сол фабрика бас корпусының бақылау цехының шебері қызметін атқарды.
2012–2013 жылдары Бөрібаев «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің «Қарағандыцветмет» ӨБ филиалы «Нұрқазған» байыту фабрикасы бас корпусының цех бастығы болды. 2013–2014 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің «Востокцветмет» ӨБ Орлов кеніші байыту фабрикасының бас инженері қызметін атқарды.
2014–2015 жылдары ол «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің «ЖТМ» ӨБ Жезқазған №1, 2, 3 байыту фабрикасының №2 бас корпусының цехын басқарды. 2015–2017 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің «КТМ» филиалы «Нұрқазған» байыту фабрикасының директоры болды.
2017–2024 жылдары Мұрат Бөрібаев «Жезқазғантүстімет» ӨБ Жезқазған №1, 2, 3 байыту фабрикасының директоры қызметін атқарды. Жезқазған әкімі болып тағайындалғанға дейін ол Сәтбаев қаласын басқарған.


