Бала кезде үйде мысық ұстау ересек өмірде шизофрения даму қаупінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін, алайда бұл байланыстың ғылыми дәлелдері әлі күнге дейін қарама-қайшы. Осындай қорытындыға мысықтан жұғатын Toxoplasma gondii паразитінің адамның психикалық денсаулығына әсеріне арналған ғылыми жарияланымдарға шолу жасаған авторлар келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бірқатар зерттеу Toxoplasma gondii паразитінің психоздардың дамуындағы ықтимал рөлін көрсетеді, бірақ тікелей себеп-салдар байланысы дәлелденбеген, деп жазады ScienceAlert.
1990-жылдары психиатр Э. Фуллер Торри мен вирусолог Роберт Йолкен бала кезінде мысықпен бірге тұрған адамдардың шизофренияға жиі тап болатынын байқаған. Ғалымдар себебі мысықтан жұғатын, ми жасушаларын зақымдай алатын Toxoplasma gondii бір жасушалы паразиті болуы мүмкін деп болжады. 2023 жылы 17 зерттеуге жасалған метаталдау мысықпен байланыста болған адамдарда шизофрения даму ықтималдығы шамамен екі есе жоғары екенін көрсетті, ал Данияда 82 000-ға жуық қан доноры қатысқан ірі зерттеу токсоплазмаға қарсы антиденелердің болуы мен осы диагноз арасындағы байланысты анықтады.
Сонымен қатар осы жылы Frontiers in Psychiatry журналында жарияланған шолу кері себеп-салдар байланысы мәселесіне назар аударады: психоздық бұзылыстардың алғашқы белгілері бар және әлеуметтік тұрғыдан оқшауланған адамдар эмоционалдық қолдау үшін үй жануарларын жиі асырап алуы мүмкін. Оның үстіне Лондон университеттік колледжінің 3542 адам қатысқан зерттеуі бала кезде мысық ұстау, паразитке қарсы антиденелер деңгейі және психоздық симптомдар арасында байланыс таппады. Торридің атап өтуінше, қауіп бар болса да, ол ересек адамдарға және туғаннан бастап көшеге шықпайтын мысықтарға қатысты емес.


