Мюнхеннің жер соты жасанды интеллектті оқыту тәсілін түбегейлі өзгерте алатын шешім шығарды. Сот лицензиялау агенттігі GEMA-ның танымал музыка генераторын жасаған Suno компаниясымен дауында GEMA-ның пайдасына шешті. Бұл әлемдік тәжірибедегі алғашқы осындай прецедент, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Осы уақытқа дейін жасанды интеллект модельдерін әзірлейтін компаниялар өз алгоритмдерін оқыту үшін музыкалық шығармаларды, өлеңдерді және басқа да зияткерлік еңбек нәтижелерін тегін пайдаланып келді. Алайда мюнхендік соттың шешімі бұл тәжірибеге нүкте қоюы мүмкін.

Suno-ға қарсы талапты неміс ұйымы GEMA, яғни музыкалық шығармаларды лицензиялаумен айналысатын ұйым қозғады. Агенттік Suno-ның авторлардың рұқсатынсыз және лицензиялық төлемдерді төлемей-ақ әндерді жасанды интеллектті оқыту үшін пайдаланғаны үшін өтемақы талап етті.

«Осы шешіммен GEMA өзінің 100 мыңнан астам мүшесі үшін ғана емес, бүкіл әлемдегі авторлар үшін маңызды прецедент жасады. Енді біз АҚШ сияқты елдерде де өз құқықтарымызды қорғай алатынымыз шығармашыларға терең технологиялық трансформация кезеңінде үміт пен сенім ұялатады», — деді GEMA басқарма төрағасы доктор Ральф Вайганд.

Сот Suno-ны айыппұл төлеуге міндеттеді, алайда өтемақының нақты сомасы әзірге анықталмаған.

Бұған дейін «Курсив» американдық жаңалықтар басылымдары OpenAI-ға қарсы талап қойып, компанияны ChatGPT-ді оқыту үшін авторлық құқықпен қорғалған материалдарды пайдаланғаны үшін жазалауды талап еткенін хабарлаған болатын.