Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий құбыр консорциумын (КТК) салуға Ресей Федерациясының бұрынғы президенті Борис Ельциннің келісімін қалай алғанын әңгімелеп берді. Бұл туралы ол Лейла Алназарованың «Бір маршрут — екі мемлекет. Геостратегиялық жобаға 30 жыл» атты деректі фильмінде айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Экс-президенттің айтуынша, жоба туралы тағдыршешті әңгіме Ельцин жатқан ауруханада болған.

«Палатада отырып қалдық та, мен: "Борис Николаевич, өте маңызды әңгімеге келдім, ауруханаға келгенім үшін кешіріңіз, бірақ уақыт күтпейді", — дедім. Картаны жайып, көрсеттім — міне, мұнай құбыры Ресей аумағы арқылы өтіп, сонда келеді», — деп еске алды Назарбаев сол әңгімені.

Қазақстанның тұңғыш президенті атап өткендей, Ельцин алдымен Ресей Федерациясының премьер-министрі қызметін атқарған Виктор Черномырдинге қоңырау шалған.

«Черномырдинге қоңырау шалып: "Қасымда Нұрсұлтан Әбішұлы отыр, солтүстік каспий мұнай құбыры Қара теңізге шығады — бұл Ресейге тиімді ме, әлде тиімсіз бе?", — деді. Ол: "Тиімді", — деп жауап берді. "Онда мен қол қоямын". Мәселе осылай шешілді», — деп әңгімеледі Назарбаев.