Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы экс-президенттің ресми сайтында жазылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көңіл айту хабарламасында Назарбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу барысында Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің қаза тапқаны туралы қайғылы хабарды терең қайғыра қабылдағаны атап өтілген.
«Орны толмас қазаның ащысын бөлісе отырып, тұңғыш президент қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты», — делінген хабарламада.
24 қыркүйек күні түстен кейін Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындап жатты. Ауа райы күрт нашарлап, жел күшейді, нәтижесінде 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кетті.
Қорғаныс министрлігінің дерегінше, 12 адам қаза тапты. Үшеуін құтқарып қалу мүмкін болды, олардың біреуі ауруханаға түсті. Тағы екі сарбазды іздеу жалғасуда.
Қайғылы оқиғаның себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссияны Қанат Бозымбаев басқарды. Әскерилердің қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратура тергеуді ерекше бақылауға алды.
Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу күні деп жариялады.
Бұған дейін «Курсив» сарбаздардың қаза табуына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі («Қызметке немқұрайлы қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан») және 465-бабы («Кеме жүргізу ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған.


