Nazarbayev University әлемдік университеттердің Times Higher Education (THE) World University Rankings рейтингінде екінші жыл қатарынан нәтижесін жақсартып, екі жылда 200 сатыға көтерілді. Университет мәліметінше, 2024 жылы ол 501–600 диапазонында болған, келесі рейтингтік циклде 401–500-ге көтерілген, ал биылғы рейтингте 376–400 тобына еніп, Қазақстан мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары арасында бірінші орынды сақтап қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
THE World University Rankings әлемдегі ең беделді университет рейтингтерінің бірі саналады. Биыл оған 118 ел мен аймақтан рекордтық 2 297 университет енді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 106-ға артық. Халықаралық бәсеке күшейіп жатқан жағдайда Nazarbayev University екі жылда әлемнің үздік 23%-нан үздік 17%-ына көтерілді.
THE университеттерді бес бағыт бойынша бағалайды: білім сапасы, зерттеу ортасы, зерттеу сапасы, халықаралық ашықтық және индустриямен ынтымақтастық. Жаңа рейтингте NU барлық дерлік бағыт бойынша нәтижесін жақсартты. Ең күшті көрсеткіш — зерттеу сапасы. Бұл тұрғыда NU-дың нәтижесі University of Geneva, University of Arizona және University of Rochester-пен салыстыруға тұрарлық, бұл университет зерттеулерінің ықпалы артып келе жатқанын көрсетеді.
«Ең алдымен NU қауымдастығын және бүкіл Қазақстанды осы нәтижемен құттықтағым келеді. Қазақстандық университет алғаш рет әлемнің жетекші университет рейтингтерінің бірінде осындай деңгейге жетті. Бұл — тек біздің университет үшін ғана емес, елдің жоғары білім жүйесі үшін де маңызды жетістік. Бұл нәтиженің артында NU оқытушыларының, зерттеушілерінің, студенттері мен қызметкерлерінің көпжылдық еңбегі тұр. Университеттің, ғылым мен білімнің дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген әркімге алғыс айтамын», — деді NU президенті Вакар Ахмад.
NU-да оқуға деген қызығушылық та артып келеді. Биыл оқуға шамамен 12 мың адам өтініш берген, ал шетелдік студенттерді қабылдау университет тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі жоғары болып қалып отыр — 95%-дан астам.
Бұл нәтижелер NU-дың академиялық беделінің нығайып, Қазақстанда және одан тыс жерлерде университетке деген сенімнің артқанын көрсетеді. Халықаралық рейтингтердегі өсім университеттің тұрақты дамуын және жаһандық академиялық қауымдастықтағы рөлінің артып келе жатқанын растайды.
Ағымдағы рейтингте Қазақстанды он университет таныстырды. Олардың қатарында С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (1201–1400), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1401–1600), Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (1401–1600), Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1601–1800) бар.


