Бейсенбі күні Нигерияның солтүстік-батысындағы Сокото штатындағы өзенде қайық аударылып, кемінде 47 адам қаза тапты. Бұл туралы шенеуніктер мен тұрғындар хабарлады. Оқиға штаттың Горонио аудандық әкімдігіне қарасты Горау қалашығында болды. Қайықта жұмыс істеу үшін фермаларға бара жатқан адамдар болған.
Ұлттық ішкі су жолдары басқармасының Сокото штатындағы менеджері Абдулкадир Юсуфтің айтуынша, қаза тапқандар саны «әзірге» 47 адамды құрайды. Тұрғын Самаила Гарба (55 жаста) немересі 13 жастағы Джамила Усманның да қаза тапқандар арасында екенін айтты. Ол кемінде 42 мәйітті санағанын, олардың көбі әйелдер мен балалар екенін жеткізді.
«Білесіз бе, жаңбырлы маусымда әйелдер мен балалардың көбі фермада жұмыс істеуге барады», — деді ол Associated Press агенттігіне. Тағы бір тұрғын Амину Дан Хаджия өзінің де осы су жолымен фермаға баратынын және сол қайықта болмағанына бақытты санайтынын айтты. «Шынында, қауымдағы әрбір үй дерлік зардап шекті», — деді ол.
Нигерияда қайық апаттары жиі болып тұрады, әсіресе жаңбырлы маусымда. Қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы құтқару кеудешелері жоқ ақаулы қайықтардың пайдаланылуына жол береді. Қаңтар айында Йобе штатында осыған ұқсас апаттан кемінде 25 адам қаза тапқан болатын.


