2026 жылғы экономика саласындағы Нобель сыйлығы екі американдық зерттеуші — Роберт Холл мен Майкл Вудфордқа бұйырды. Олар бұл марапатты дағдарыс кезеңдерінде экономиканы тұрақтандыру әдістерін жетілдіруге мүмкіндік берген еңбектері үшін алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Швеция корольдік ғылым академиясы мәлімдегендей, лауреаттар — Стэнфорд университетінен Роберт Э. Холл және Колумбия университетінен Майкл Вудфорд. Нобель комитеті олардың үлесін «макроэкономикалық тұрақтандырудың микроэкономикалық негіздері үшін» деген тұжырыммен атап өтті.
Ғалымдардың зерттеулері үкіметтер мен орталық банктерге экономикалық құлдырауды тиімдірек жұмсартуға және шамадан тыс өсуді тежеуге мүмкіндік беретін модельдер жасауға көмектесті. «Бюджеттік және ақша-кредит саясатының уақтылы шаралары экономикалық өрлеу мен құлдырауды тегістеуге қабілетті», — делінген академия материалдарында.
Бұған дейін кейнсиандық модельдер дағдарыстарды жеңуге әрдайым көмектесе бермейтін. 1970 жылдардағы мұнай дағдарыстары кезінде батыс елдері жоғары инфляцияға, жұмыссыздыққа және баяу экономикалық өсуге тап болды.
Холл мен Вудфорд экономикалық модельдерді жекелеген үй шаруашылықтары мен компаниялардың шешімдерін ескере отырып құруды ұсынды. Олардың тәсілі бойынша, адамдар мен бизнестің болашаққа қатысты күтулері жинаққа, бағаларға және экономиканың жай-күйіне әсер етеді.
«Лауреаттардың еңбегі бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі орталық банктер мен үкіметтер пайдаланып жүрген модельдер үшін берік теориялық негіз қалады», — деді сыйлықты тағайындау жөніндегі комитеттің төрағасы Джон Хасслер.


