Шымкент қалалық ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты іс қаралуын жалғастыруда. Кезекті сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі сотталушы Шерхан Аймаханға қойылған талап-арыз көлемін жария етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Отбасының адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, қайтыс болған қыздың туыстары жерлеу рәсіміне, діни жоралғыларға, 40 күндік ас беруге, құлпытас орнатуға және тергеу әрекеттері мен сот отырыстарына үнемі қатысуға байланысты айтарлықтай материалдық шығындарға ұшыраған.
Құжаттармен расталған материалдық шығын сомасы 14 млн 739 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, отбасы моральдық зиянды өтеу туралы орасан зор талап қойды.
«Ата-ана жалғыз қызынан айырылды, олар оны сүйіспеншілік пен қамқорлықпен өсіріп, тәрбиеледі. Ағалары сүйікті сіңлісінен айырылды. Баласынан айырылған ата-ананың қасіреті мен ауыртпалығы оларды өмір бойы қалдырмайды және ешқандай материалдық игілікпен өтелмейді. Сотталушы Аймахан Нұрайды некеге тұруға мәжбүрлеген... Ешқандай ақшалай өтемақы Нұрайды қайтара алмайды және келтірілген шығынды толтыра алмайды», — деп атап өтті адвокат Аянхан Омаров.
Осыған байланысты жәбірленуші тарап сотталушыдан моральдық зиянды өтеу ретінде 10 млрд теңге өндіріп алуды сұрайды.


