Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста қызды ұрлағаннан кейін полиция бөлімінде түсірілген бейнежазбаның сараптама нәтижелері жарияланды. Кадрларда ол айыпталушыға талабы жоқ екенін айтады, алайда сарапшылар басқа қорытындыға келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Судья Саммидин Темірлаев Нұрайдың Шерхан Аймаханмен ерікті түрде кеткенін айтқан бейнені зерттеген психологиялық-криминалистикалық сараптаманың қорытындысын оқып шықты. Сөйлеу талдауы қыздың алдын ала дайындалған мәтінді біреудің айтуымен немесе алдын ала келісілгеннен кейін оқығанын көрсетті.
«Әңгіме дәйекті және логикалық түрде баяндалған. Сөйлеуде жазбаша тілге тән күрделі синтаксистік құрылымдар бар, өз ойын баяндауда дербес бастаманың болмауы байқалады. Сөйлеу орташа қарқынмен, сараланған үзілістермен және бірқалыпты, сабырлы дауыспен айтылады. Сарапшылар сөйлеуде мәтінді алдын ала ойластыру және дайындау белгілері бар деген қорытындыға келді», — деді Темірлаев.
Сарапшылардың қорытындысы қызды бөлімге жеткізген бұрынғы полиция қызметкері Әбілқазы Артықбайдың айғақтарын толығымен жоққа шығарды. Бұған дейін сотта экс-құқық қорғаушы Нұрайға ешқандай кеңес бермегенін және мәтіннің алдын ала дайындалмағанын айтқан болатын.
Еске салайық, 2026 жылдың 11 қаңтарында 21 жастағы студент Нұрай Шымкентте аяусыз өлтірілген еді. Сот процесі жалғасуда.


