Нью-Йорктегі федералды түрмеде жазасын өтеп жатқан адам Аляскадан АҚШ Өкілдер палатасына сайлауда праймеризден өтті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Демократ ретінде тіркелген Эрик Хафнер 2024 жылы да осы орынға үміткер болып, Аляска демократиялық партиясының қарсылығына қарамастан, қараша айындағы жалпы сайлауға қатысуға рұқсат алған еді. Ол 2022 жылы полиция қызметкерлеріне, судьяларға және басқа да адамдарға қауіп төндіргені үшін кінәсін мойындап, 2036 жылы босатылады.
Бұл жарыстағы басты үміткерлер — қазіргі өкіл, республиканец Ник Бегич және коммерциялық балықшы әрі зейнеткер мұғалім, тәуелсіз үміткер Билл Хилл. Хафнердің жалпы сайлауға өтуі тағы да сот дауына әкелуі мүмкін, себебі АҚШ Конституциясы бойынша үміткер сайлау кезінде өкілдік ететін штатында тұруы тиіс.
Штатқа ұсынған үміткерлік құжаттарда ол анасы Кэрол Хафнердің мекенжайын (Оңтүстік Дакота, Бокс Элдер) және Нью-Йорк телефон нөмірін көрсеткен. Олардың екеуінің де Аляскаға ешқандай қатысы жоқ. Кэрол Хафнер бұған дейін де сайлауға түсіп, сәтсіздікке ұшыраған, биыл Аляскадан Сенатқа үміткер ретінде қайта сынап жатыр.
Алясканың сайлау жүйесі бойынша, партиялық тиістілігіне қарамастан, праймериздегі алғашқы төрт орын жалпы сайлауға өтеді. Дауыстардың 93 пайызы саналғанда Эрик Хафнер 5757 дауыс жинады. Бұл үшінші орындағы демократ Мэтт Шульцтен айтарлықтай аз. Алайда Шульц жалпы сайлаудан бас тартып, өте алмайтын болды. Төртінші орын әлі анықталған жоқ.


