Қыркүйек айында Қазақстанда ОДКБ-ның «Рубеж-2026» оқу-жаттығуы өтеді, осыған байланысты үш өңірдің жолдарында әскери техника қозғалады. ҚР Қорғаныс министрлігі азаматтарға түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында ОДКБ-ның «Рубеж-2026» бірлескен оқу-жаттығуы жоспарланған. Осыған байланысты 7-30 қыркүйек аралығында Алматы және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Жетісу облысының аумағында әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады.

Оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіледі, олардың аясында әскерлерді қайта топтастыру, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау мәселелері пысықталады. Мұндай маневрлер тұрақты негізде және ОДКБ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында кезекпен өткізілетіні атап өтілді.

«Азаматтарды, БАҚ өкілдерін және әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ресми көздерде жарияланған мәліметтерді басшылыққа алуға шақырамыз. Қасақана жалған ақпарат тарату, сондай-ақ расталмаған деректерді жариялау ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз», — деп қосты министрлікте.