Оралда құқық қорғау органының қызметкері қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен сотқа тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Орал қалалық соты Қылмыстық кодекстің 361-бабының 2-1-бөлігімен айыпталған адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
«Сотталушы құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, БҚО бойынша ҚАЖД мекемесіндегі сотталғандар арасындағы тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінде қызмет атқарып, қызмет мүддесіне қайшы өз өкілеттігін басқа адамға пайда табу үшін пайдаланды», — деді сотта.
2026 жылғы 9 ақпаннан 3 наурызға дейін қызметкер осы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғанмен жеке қарым-қатынаста болып, оның өтініші бойынша мекеме аумағына сотталғанға арналған 10 блок (100 қаптама) темекіні заңсыз кіргізгені анықталды. Ол үшін 60 мың теңге алған.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 4 ақпаннан 3 наурызға дейін ол сотталғанның мекеме аумағында ұялы телефонды заңсыз пайдаланып жүргенін нақты білген. Алайда тыйым салынған байланыс құралын анықтау және тәркілеу жөніндегі заңда көзделген шараларды қолданбаған, бұл туралы тікелей басшысына хабарламаған, сондай-ақ сотталғанмен WhatsApp арқылы байланысып отырған. Осылайша сотталушы тыйым салынған байланыс құралын заңсыз пайдалануға жағдай жасаған.
Сотталушы кінәсін толық мойындады.
Сот ер адамның кәмелетке толмаған балаларының болуын, сондай-ақ кінәсін мойындаудағы шынайы өкінішін қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 361-бабының 2-1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Қылмыстық кодекстің 49-бабының негізінде сотталған «әділет аға лейтенанты» арнайы атағынан да айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.


