Оралда 38 жастағы жүргізуші көлігіне әдепсіз сөз жазып қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Polisia.kz-ке сілтеме жасаған NUR.KZ-тің мәліметінше, полицейлер Audi 80 көлігін тоқтатып, оның үстінен әдепсіз жазу тапқан. Бұзушылық патрульдік рейд барысында анықталды, деп нақтылайды Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы.

Әдепсіз сөзді көлік иесі өз көлігінің артқы мемлекеттік тіркеу нөмірінің қаңқасына жазған.

«Полицейлер жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, тиісті шаралар қолданды. Бұзушы — Оралдың 38 жастағы тұрғыны, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтаумен қатар қоғамдық мораль нормаларын ұстану қажеттігін еске салады», — делінген полиция хабарламасында.

Ішкі істер министрлігінде көлік — тек қозғалыс құралы ғана емес, оның иесінің мәдениетін де көрсететінін атап өтті. Полицейлер автокөлік иелерін көліктеріне заңсыз жазулар мен белгілерді, оның ішінде әдепсіз сөздерді пайдаланып жазуға жол бермеуге шақырды.

Бұған дейін Астанада толығымен қорлайтын жазулармен боялған көліктің жүргізушісі 10 тәулікке қамауға алынғаны хабарланған болатын.