Орал қаласының №2 соты 17 бұрынғы мұғалімнің еңбек құқықтарын қорғау туралы талап арызын толық қанағаттандырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, гимназияның бұрынғы қызметкерлері зейнет жасына толуына байланысты жұмыстан шығарылған. Алайда еңбек шарттарын тоқтату өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініштер негізінде рәсімделген. Соның салдарынан мұғалімдер зейнетке шыққанда көзделген біржолғы өтемақыны алу мүмкіндігінен айырылған.
Сот жұмыс берушінің қызметкерлердің зейнетке шығуына байланысты еңбек шарттарын тоқтатудың белгіленген тәртібін сақтамағанын және оларды тиісті түрде хабардар етпегенін анықтады.
Сот шешімімен 17 мұғаліммен еңбек шарттарын тоқтату зейнет жасына толуымен және зейнетке шығуымен байланысты деп танылды. Гимназияға олардың әрқайсысына бір лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу міндеті жүктелді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


