Оралда полицейлер дүкенге жасалған тонау кезінде қарулы қарсылық көрсеткен күдіктіні ұстауда көрсеткен ерлігі үшін марапатталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталында атап өтілгендей, полиция қызметкерлері қылмыскерді ұстау кезінде көрсеткен кәсібилігі мен ерлігі үшін ведомстволық наградаларға ие болды.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев Орал қалалық полиция басқармасында қызмет ететін полиция капитаны Еркебұлан Жұмақашев пен полиция аға сержанты Берік Лұқпановқа «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгілерін табыс етті.
Салтанатты шара барысында ведомство басшысы тәртіп сақшыларының қырағылығы мен жеделдігін ерекше атап өтіп, адал қызметі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Еске салайық, оқиға 31 шілдеде Оралдағы дүкендердің бірінде болған. Бетперде киген белгісіз біреу сатушыға пышақ көрсетіп, кассадағы ақшаны алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері шөп арасында жасырынып жатқан ер адамды байқаған.
Оның жеке басын анықтауға тырысқан кезде күдікті қарулы қарсылық көрсетіп, полицейлерге пышақпен шабуыл жасаған, алайда оны жедел залалсыздандырып, ұстаған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.


