Оқудағы мәселелерді шешкісі келген 22 жастағы өскемендік қыз үлкен қаржылық шығынға ұшырады: бейтаныс адамға сеніп, 1,7 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қыз алаяқтық туралы арызбен полицияға жүгінген. Ол бұған дейін академиялық қарызын жабуға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді ұсынған ер адаммен танысқанын айтқан. Сенімге кірген алаяқ түрлі сылтаулармен жәбірленушіні рассрочка мен несие рәсімдеуге көндіріп, алған ақшаны өзіне тиесілі шоттарға аударып отырған.
Осы заңсыз әрекеттердің салдарынан қызға 1,7 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. Өскемен қалалық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері күдіктіні анықтаған. Ол облыс орталығының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Осы факті бойынша алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.


