Зейнетақы жинақтарының артығын тұрғын үй салымдарына салған қазақстандықтар енді алты жылдан кейін бұл қаражаттың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) автоматты түрде қайтарылуынан қорықпайды — тиісті ереже күшінен алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін зейнетақы артығын алып, «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй салымына салған азаматтар алты жыл ішінде баспана алуға міндетті болатын. Осы уақытта тұрғын үй сатып алынбаса, жинақ БЖЗҚ-дағы шотқа қайтарылатын.

Алайда «Отбасы банкінде» мәлімдегендей, бұл шартты алып тастауға шешім қабылданды. «Енді ақшаны БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, алты жыл өткеннен кейін де қаражат "Отбасы банкіндегі" салымыңызда қалады», — делінген «OTBASY NEWS – Отбасы банк жаңалықтары» ресми Telegram-арнасында.

Осылайша, қазақстандықтар алты жылдық мерзім өтті деген желеумен жинақтары БЖЗҚ-ға автоматты түрде қайтарылады деп алаңдамауы керек. Сонымен қатар банкте азаматтарға жеке баспана алуды кейінге қалдырмауды және мүмкіндігінше жинақтарын ипотеканың бастапқы жарнасы ретінде пайдалануды ұсынды.

Айта кетейік, тұрғын үй салымдарынан зейнетақы артығын алу әлі де мүмкін емес, ал салымды жапсаңыз, қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады. Кейбір жағдайларда қазақстандыққа есептелген мемлекеттік сыйлықақы да «жанып» кетеді.