Paramount Pictures студиясы танымал Cyberpunk 2077 бейнеойынын экрандастыруға кіріспек. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады. Соңғы уақытта компания ойын франшизаларына қызығушылық танытып жүр, енді кезек соңғы жылдардағы ең танымал ойындардың біріне жетті.

Фильмнің продюсері «Трансформерлер» франшизасындағы жұмысымен танылған Лоренцо ди Бонавентура болады. Жобаға түпнұсқа ойынды жасаған және оның құқықтарына иелік ететін поляк студиясы CD Projekt Red де қосылады.

Әзірге фильм туралы мәлімет аз. Авторлар режиссерді, актерлік құрамды және шығу күнін жариялаған жоқ. Фильм ойынның сюжетін баяндай ма, әлде сол әлемдегі жаңа оқиғаны әңгімелей ме — ол да белгісіз.

Cyberpunk 2077 ойыны 2020 жылы шыққан. Ол ойыншыларды Найт-Ситиге — болашақ Калифорниядағы ойдан шығарылған мегаполиске жетелейді. Онда алып корпорациялар адамдардың өмірін бақылайды, ал технологиялар адам денесін өзгертуге мүмкіндік береді.

Ойынның басты кейіпкері — жалдамалы Ви. Оның миына аты шулы рок-музыкант әрі террорист Джонни Сильверхендтің санасы бар биочип орналасады. Кейіпкердің келбеті мен дауысын Киану Ривз сыйлаған, сондықтан актер толықметражды фильмде де сол рөлді сомдайтыны анық. Бірте-бірте Джоннидің санасы Видің тұлғасын ығыстыра бастайды, сондықтан кейіпкерлер жалдамалы өз денесін бақылаудан айырылмай тұрып, ажыраудың жолын іздеуге мәжбүр.

Ойын шыққаннан кейін әлем бойынша 40 млн-нан астам көшірме болып сатылды. Оның Cyberpunk 2077: Phantom Liberty қосымшасы 15 млн-нан астам данамен өтті.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle FX студиясы Far Cry ойын франшизасы бойынша сериалдың негізгі актерлік құрамын жариялағанын жазған болатын.