Киноиндустрия алыптары Paramount мен Warner Bros. жаңа біртұтас медиаимперияға бірігу процесін аяқтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Біріккен компания Skydance деп аталды. Оның бақылауына ірі голливуд киностудиялары, сондай-ақ CBS, CNN, MTV және Cartoon Network сияқты жетекші телеарналар өтті. Сонымен қатар құрылымға танымал HBO Max және Paramount Plus стримингтік сервистері кірді.

Skydance басшылығы жыл сайын кинотеатрларға 30-ға дейін фильм және 180-нен астам телешоу мен сериал шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Енді бір компанияға "Гарри Поттер", "Тақтар ойыны", "Мүмкін емес миссия", "Жүзіктер әміршісі", "Жұлдызды жол" және DC киноәлемі сияқты жаһандық франшизалардың құқықтары тиесілі. Медиагиганттың жылдық жиынтық табысы шамамен 70 миллиард долларға бағаланып отыр.

Бірігу процесі шамамен бір жылға созылып, күрделі келіссөздер, даулар және реттеушілік тексерулермен өтті. Жаңа құрылымның басшысы Дэвид Эллисон болды, ол мәміленің жабылған күнін бүкіл индустрия үшін тарихи күн деп атады.

Сонымен қатар жаңа медиагигантқа бірден 80 миллиард долларға бағаланатын ауыр қарыз жүгін көтеруге тура келеді.