Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет басшылары кеңесінің тар форматтағы отырысында сөйлеген сөзінде Армения мен Әзірбайжан арасындағы бейбітшілікті болған факт деп санауға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Армения үкіметі басшысының айтуынша, соңғы екі жылдан астам уақытта армяндар мен әзірбайжандар арасындағы атыс салдарынан қаза тапқандар да, жараланғандар да тіркелмеген. «Бүгін айтуға болады: соңғы уақытта — екі жылдан астам — армяндар мен әзірбайжандар арасындағы атыс салдарынан қаза тапқандар да, жараланғандар да жоқ. Ал бұған дейінгі 30 жылдан астам уақытта, 1990 жылдардан бастап, екі жақтан да жыл сайын қаза тапқандар мен жараланғандар болып келді», — деді Никол Пашинян.
Еске салайық, 2025 жылғы тамызда Армения мен Әзірбайжан көшбасшылары Вашингтонда АҚШ Президенті Дональд Трамптың қатысуымен екі ел арасындағы бейбіт қатынастар туралы декларацияға қол қойған болатын. Бұл Армения мен Әзірбайжан арасындағы шамамен 40 жылға созылған қантөгіс қақтығыстан кейін орын алды.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда қол қойылған Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімге жоғары баға беріп, АҚШ-тың делдалдық рөлін және Қазақстанның қосқан үлесін атап өтті.
2024 жылғы сәуірде Армения мен Әзірбайжан арасында көптен күткен шекараны делимитациялау процесі басталды. Онда шекара маңындағы төрт әзірбайжан ауылының айналасындағы аумақ туралы сөз болды, Армения ол ауылдарды Әзірбайжанға қайтаруға келіскен еді.


