Шілдеде Қазақстанда пәтер жалдау бағасы ең қатты Астанада көтерілді – бір ай ішінде 6,9%-ға, деп хабарлайды infohub.kz.

Жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалды. Бұл кезде ірі қалаларда жалдамалы пәтер бағасы дәстүрлі түрде өсе бастайды. "Крыша" порталының (Krisha.kz) айтуынша, шілдеде жалдау бағасы орта есеппен 3,1%-ға қымбаттаған.

Ең көп өсім Астанада байқалды – 6,9%-ға. Алматыда өсім 3,4%, Шымкентте 3,2% болды.

Пәтер жалдау бағасының едәуір өсуі Қостанайда (6,5%), Талдықорғанда (5,9%) және Қонаевта (6,5%) тіркелді.

Түркістан мен Таразда орташа мөлшерлемелер өзгермеген, ал бір ай ішінде бағасы төмендеген ірі қала жоқ.

Ең қымбат жалдамалы пәтер Алматы тұрғындарына түседі – орта есеппен шаршы метріне 5 814 теңге. Келесі орындарда: Астана (5 476 теңге), Қостанай (4 000 теңге), Өскемен (3 947 теңге) және Павлодар (3 846 теңге). Ең арзан мөлшерлемелер – Түркістанда (2 000 теңге), Таразда (2 250 теңге) және Қызылордада (2 500 теңге).

Бір бөлмелі пәтерлерді жалдаудың медиандық мөлшерлемелері: Астана — 220 мың, Алматы — 210 мың, Атырау — 160 мың, Ақтау — 150 мың, Қарағанды — 150 мың, Қостанай — 150 мың, Өскемен — 150 мың, Көкшетау — 150 мың, Қонаев — 150 мың, Ақтөбе — 140 мың, Павлодар — 140 мың, Шымкент — 140 мың, Семей — 140 мың, Петропавл — 130 мың, Орал — 130 мың, Талдықорған — 120 мың, Қызылорда — 110 мың, Түркістан — 100 мың, Тараз — 80 мың теңге айына.

Қазіргі уақытта ең қымбат жалдамалы пәтерлер Астанада. Онда бір бөлмелі және үш бөлмелі пәтерлерді жалдау бағасы Алматыдан жоғары. Елордада бір бөлмелі пәтер жалдау орта есеппен айына 220 мың теңге, Алматыда – 210 мың теңге. Үш бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы сәйкесінше 500 мың және 400 мың теңгені құрайды. Айта кетерлігі, Алматыда жалдау шаршы метрі Астанаға қарағанда қымбатырақ, бірақ елордада пәтерлердің ауданы жиі үлкен болғандықтан, жалпы бағасы жоғары болып шығады.

Сарапшылардың айтуынша, тәуліктік жалдау бағасы да өскен. Алматыда бір ай ішінде орташа баға 11%-ға өсіп, 20 мың теңгеге жеткен, ал Астанада 13%-ға өсіп, 17 мың теңгені құраған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматының жалдау бойынша ең қымбат аудандары белгілі болған еді. Сондай-ақ сарапшы Алматыдағы тұрғын үй бағасының жоғары болу себептерін түсіндірген. Ал жақында біз студентке Алматыда пәтерді қалай тиімді жалдауға болатынын айтып бергенбіз.