Telegram-ның негізін қалаушылардың бірі Павел Дуров РФ ҚК бойынша терроризмге жәрдемдесуге күдікті. Алайда Мемлекеттік Думаның ақпараттық саясат комитетінің төрағасы Сергей Боярский бұл айыптың Роскомнадзордың мессенджерге қатысты талаптарына еш қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды infohub.kz.

Боярскийдің айтуынша, Ресей билігі Telegram-ға заң талаптарын орындамағаны үшін көптен бері талап қойып келеді. Ол «Бизнес ФМ»-ге берген сұхбатында: «Telegram мессенджеріне қатысты бірқатар талаптар бар. Олар Ресей заңдарын жүйелі түрде бұзып келеді, сондықтан соңғы жаңалықтардың реттеушінің платформаны заңды талаптарды орындауға мәжбүрлеу саясатына еш қатысы жоқ», – деп мәлімдеді.

Депутат Дуровқа қойылған айып пен Telegram-ға қойылған талаптарды бірдей мәселе деп санамайтынын, сондай-ақ қылмыстық істің мән-жайын терең зерттемегенін мойындады.

Ал адвокат Владимир Жеребенковтың ТАСС-қа берген мәліметінше, Дуровтың кінәсі дәлелденген жағдайда оған Ресейде өмір бойы бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

Мемлекеттік Думаның ақпараттық саясат комитеті төрағасының орынбасары Андрей Свинцовтың пікірінше, Telegram өкілдік ашып, дербес деректерді ел ішінде сақтап өңдейтін болса, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде арнайы қызметтермен өзара іс-қимыл жасаса, Ресейде заңды түрде жұмысын жалғастыра алады.

Бұған дейін Ресей ФСБ Дуровты РФ ҚК 205.1-бабының 1.1-бөлігі (террористік әрекетке жәрдемдесу) бойынша айыптап, оны халықаралық іздеуге жариялаған болатын. Арнайы қызметтің нұсқасы бойынша, Telegram әкімшілігі украиндық арнайы қызметтер Ресей аумағында диверсиялар, террорлық шабуылдар, жаппай қантөгіс және кибералаяқтық дайындау үшін пайдаланған делінетін арналарды, чаттар мен боттарды жоймаған. ФСБ бұл ресурстардың әрекеті адам шығынына және миллиардтаған шығынға әкелгенін алға тартады.

Мақала жазылған кезде Павел Дуров пен Telegram өкілдері Ресей билігінің айыптауларына қатысты ресми түсініктеме бермеген болатын.