Павлодар әуежайы ұшу-қону жолағы ауқымды реконструкциядан өткен соң Астанадан алғашқы рейсті қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астанамен және Алматымен тұрақты әуе қатынасы қалпына келтірілді. Әуежайдың толыққанды жұмысын қайта бастауы үшін барлық қажетті рұқсат құжаттары мен сертификаттар алынды. 17 тамызда авиациялық қауіпсіздік қызметі сертификатталса, 21 тамызда әуежай аэродромның жарамдылық сертификатын алды, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ұшу-қону жолағының реконструкциясы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізіліп, Павлодар облысының басты инфрақұрылымдық жобаларының біріне айналды. Жобаны іске асыруға 16,4 млрд теңге бағытталды, оның ішінде 9,3 млрд теңге — Арнайы мемлекеттік қор қаражаты.

Жұмыс барысында ұшу-қону жолағы толық жаңартылды: оның ені 45 метрден 60 метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, жарық сигналдық жабдық пен жарықтандыру жүйелері жаңғыртылып, бейнебақылау жүйесі жаңартылып, аэродром периметрі бойынша жаңа қоршау орнатылды. Нәтижесінде Павлодар қазіргі авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін және әуе кемелерінің кең ауқымын қабылдауға мүмкіндік беретін заманауи аэродромдық инфрақұрылымға ие болды.

Аэродромды қайта жаңартумен қатар, Павлодар облысының әкімдігі тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру және кеңейту бойынша жұмыс жүргізді. Vietjet Qazaqstan Астанаға аптасына 4 рейс, ал FlyArystan Алматыға күнделікті рейстер орындайтын болады. Бағыттар желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда. SCAT әуекомпаниясы Павлодардан Ақтауға, Шымкентке және Ақтөбеге рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруда. Centrum Air компаниясымен 2027 жылдың наурызынан бастап «Павлодар-Ташкент» бағыты бойынша халықаралық рейс ашу туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, Мәскеуге, Новосібірге, Үрімшіге, Антальяға және Шарм-эль-Шейхке жаңа бағыттар ашу мүмкіндігі пысықталуда.

«Біз бұл сәтті көптен күттік. Павлодар облысы үшін бұл ерекше маңызға ие. Аймақтың географиялық орналасуын ескере отырып, жаңартылған инфрақұрылым оның транзиттік әлеуетін арттырады. Ең бастысы — біз тұрақты рейстерді қайтардық, бүгін ұшақтар Павлодарды Астанамен және Алматымен байланыстырып тұр. Енді облыс тұрғындарының іссапар және саяхат мүмкіндіктерін кеңейту үшін ұшу географиясын дәйекті түрде кеңейтеміз», — деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Сонымен қатар, әуежайдың дамуы аэродромды қайта жаңартумен аяқталмайды. Облыс әкімдігі келесі ауқымды кезеңді — әуежай ғимаратын реконструкциялауды дайындады. Жоба терминалдың өткізу қабілетін сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін арттыруды, ішкі және халықаралық жолаушылар ағындарын бөлуді, багажды өңдеу мен тексерудің автоматтандырылған жүйесін орнатуды, телескопиялық траптары бар 2 жолаушылар галереясын салуды, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды көздейді. Терминалдың реконструкциясы әуежай жұмысына әсер етпейтіні маңызды. Тұрақты рейстер әдеттегі режимде орындалатын болады.

Павлодар аймақтық және халықаралық авиация картасына қайта оралуда. Жаңартылған инфрақұрылым әуе қатынасын одан әрі дамытуға, іскерлік мобильділік пен аймақтың туристік әлеуетіне негіз жасайды.