Павлодар облысында сот балабақша бюджетінен 62 миллион теңгеден астам қаражат жымқыру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Аққулы аудандық соты балабақшалардың бірінің бұрынғы директоры мен бухгалтерін кінәлі деп таныды. Анықталғандай, 2016 жылғы наурыздан 2023 жылғы сәуірге дейін мекеме басшысы бухгалтермен сөз байласып, жалған жалақы есептеу арқылы бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырған.
Қылмыстық схема жоқ лауазымдарды рәсімдеу мен заңсыз қосымша төлемдерді қамтыған. Атап айтқанда, директорға қосымша 0,5 математика мұғалімінің ставкасы жалған рәсімделген, алайда сабақтар жүргізілмеген. Бұл эпизод бойынша залал 4,7 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, директордың жақын туысының мүддесі үшін ағылшын тілі мұғалімінің 0,75-тен 1,0 ставкаға дейінгі лауазымы заңсыз енгізіліп, мемлекетке 6,9 млн теңгеге жуық залал келтірілген.
Сотталушылар еңбекақы қорын жасанды түрде көтеріп, бухгалтер мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерге жалған ставкалар рәсімдеген. Құқыққа қайшы әрекеттерді жасыру үшін аудандық білім бөліміне және ауылдық округ әкімдігіне жыл сайын жалған лауазымдар туралы мәліметсіз штат кестелері жіберіліп тұрған. Жеті жыл ішінде жалпы залал 62 миллион теңгеден асқан.
Сот бұрынғы директорды ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті (орташа қауіпсіздік мекемесінде), мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сотталушы сот залынан қамауға алынды.
Бухгалтер ҚК 28-бабының 5-бөлігі және 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, сонымен қатар бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айырды. ҚК 74-бабы негізінде кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаның орындалуы бес жылға кейінге шегерілді.
Аққулы аудандық білім бөлімінің азаматтық талабы толық қанағаттандырылып, сотталушылардан 62 миллион теңгеден астам өндіріп алу белгіленді — оның 15,3 млн теңгесі солидарлы тәртіппен, 46,6 млн теңгесі жеке бухгалтерден.


