Павлодар облысының ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұрғыны 2008 жылдан — яғни балалар үйіне түскен кезден бастап мемлекеттік баспана кезегіне қайта қосылуға қол жеткізді. Сот оны жауапты органдардың тиісті жұмыс істемеуі салдарынан уақтылы есепке алынбағанын анықтап, бұл әрекетті заңсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz.

Сот мәліметінше, Б. ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, 2008 жылы балалар үйіне түскен. Алайда оны жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша баспана кезегіне тек 2014 жылы ғана қосқан.

2023 жылы уәкілетті орган оны басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшкенін сылтауратып, кезектен шығарған. Кезекте өткізген алты жыл есептелмеген.

Б. өзін 2008 жылдан, яғни балалар үйіне түскен кезден бастап кезекке қайта қосуды талап еткен. Бірнеше рет өтініш бергеніне қарамастан, оны тек 2014 жылдан бастап қана қайта есепке алған. Сонда әйел сотқа жүгінген.

Іс қарау барысында кідіріс оның кінәсінен болмағаны анықталды. Баланы уақтылы баспана кезегіне қою міндеті қамқоршылық функцияларын атқарған органдар мен ұйымдарға жүктелген.

«Сот Б.-ның қамқоршылық функцияларын атқарған органдар мен ұйымдардың өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан уақтылы кезекке қосылмағанын анықтады. Истецтің кеш есепке алынуына кінәсі жоқ. Кәмелетке толмағандықтан, ол өз бетінше баспана құқығын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылған», — делінген сот хабарламасында.

Әйел тәрбиеленген балалар үйі осы уақытқа дейін таратылып кеткен. Ал уәкілетті орган іс материалдарында атап өтілгендей, жағдайдың құқықтық бағасына әсер ететін дәлелдемелер ұсынбаған.

Сот жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, баспанаға мұқтаж деп танылып, есепке қойылған балалар баспана алғанға дейін кезектен шығарылмайтынын еске салды. Сот лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінен истецтің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкелген заңбұзушылықтарды анықтады.

Нәтижесінде Б.-ның мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы балалар үйіне түскен күннен бастап — 2008 жылдан қалпына келтірілді. Шешім заңды күшіне енді.

Бұған дейін «Курсив» Отбасы банкінде екі қызметкердің заңсыз сыйақы үшін кезекте тұрған адамның санатын «баласы мүгедек отбасылар» деп өзгертіп, оған баспана алудың жеңілдікті шарттарына үміткер болу құқығын бергенін жазған болатын. Мәмілені тоқтатып үлгерген, қызметкерлер жұмыстан шығарылған, ал материалдар құқық қорғау органдарына берілген. Банкте бұл оқиға жекелеген жағдай екенін мәлімдеген.