Павлодар облысында «Aqtogai Milk» ЖШС аумағындағы кәріз құдығында алты адамның қаза болуына байланысты үш күдікті ұсталды. Қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған бала бар, тағы бір адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін кейбір БАҚ-та Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, Aqtogai Milk фермасына қатысы бар кәсіпкер Александр Терентьевтің ұсталуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тараған еді. Алайда Павлодар облысы полиция департаментінде бұл деректі тергеу құпиясын алға тартып, растамады.

Полицияда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Қылмыстық іс аясында барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары кешені жүргізілуде. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп мәлімдеді ДП-да.

Ұсталғандардың жеке басы жарияланбайды, тергеудің басқа да мәліметтері Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Еске салайық, қайғылы оқиға Жоламан ауылында болды. Онда «Aqtogai Milk» ЖШС сүт фермасының аумағындағы кәріз құдығында жұмыс кезінде алты адам қаза тапты. Алдын ала деректер бойынша, жұмысшылар электр сорғысындағы ақауды жоюмен айналысқан. Тағы бір адам зардап шегіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Александр Терентьев қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кәсіпорын оларға қажетті көмек көрсететінін уәде етті.