Павлодар облысында арнайы операция барысында үй жануарларын бірнеше рет ұрлаған деген күдікке ілінген бес адам ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының дерегінше, күдіктілер бірнеше ай ішінде мал ұрлығының бестен астам эпизодын жасаған. Олардың олжасына жылқы мен ірі қара мал айналған.

Тінту Павлодар ауданы мен Аққулы ауданындағы екі елді мекенде жүргізілді. Қылмыскерлер рөлдерін алдын ала бөліп алып, ұйымшылдықпен әрекет еткен. Ұрланған малды сол жерде сойып, Павлодар мен Астана базарларында сатқан.

«Жедел іздестіру іс-шараларының кешені барысында барлық күдікті анықталды. Олар облыс тұрғындары болып шықты. Мал сатып алушының тұрғылықты жерін тінту кезінде ұрланған екі жылқы, бес бас ірі қара мал, сондай-ақ көлік құралдары табылып, тәркіленді», — деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Төрт күдіктіге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, біреуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат таңдалды. Тергеу жалғасуда. Жедел қызметкерлер күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.