Павлодар тұрғыны Солтүстік полиция бөлімінің өткізу пунктін талқандағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Павлодар облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігі — бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру — бойынша істі қарады.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 1 қарашада таңғы сағат 05:00 шамасында ер адам Павлодар қаласы, Лермонтов көшесі, 51 мекенжайындағы Солтүстік полиция бөлімінің өткізу пунктінде болып, полицияға тиесілі мүлікті қасақана бүлдірген. Зақымданған мүлік қатарында жұмыс үстелі, монитор, процессор, жеткізілген және ұсталған адамдардың жеке заттарын сақтайтын шкаф, дабыл түймесі, кабель арналары, автономды контроллер, қуат блогы бар; сонымен қатар ол сымдарды үзіп тастаған. Материалдық шығын 200 мың теңге деп бағаланды.
Сотта павлодарлық кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінді. Ол құқық бұзушылықтың мән-жайын, уақыты мен орнын дауламады, ал материалдық шығынды өтеуге міндеттенді.
Сот отырысында полиция инспекторы өзі жасаған хаттаманы қолдады. Ол ер адамның Солтүстік полиция бөліміне жеткізілгенін, онда өткізу пунктінде болып, мүлікті қасақана бүлдіргенін түсіндірді. Келтірілген шығын туралы ұсынылған анықтамаға сәйкес, оның мөлшері 200 мың теңгені құраған.
Іс материалдарын және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы зерттей келе, сот кінәнің дәлелденгені туралы қорытындыға келді. Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 5 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.


