Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ерекше жағдайға тап болды: дүкеннен сүт өнімін сатып алып, үйге келген соң қаймақтың қаптамасында әлі келмеген күн жазылғанын байқаған. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы соттарының Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған хабарламадан белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы Алтай ауданының сотына жауапкер — жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарсы тұтынушылардың құқықтарын қорғау және моральдық зиянды өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінген. Ер адам Алтай қаласында жауапкерге тиесілі дүңгіршектердің бірінен сүт пен екі қаптама қаймақ сатып алған. Үйге келген соң қаймақта болашақ күннің дайындалған күні көрсетілгенін көрген.

Сатып алушы тұтынушыларды алдау дерегі бойынша Алтай ауданының полиция бөліміне жүгінген, нәтижесінде жауапкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар талап қоюшы құзыретті мемлекеттік органдарға өтініш жолдаған: жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заңдылық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Бұған қоса, ер адам жауапкер тауар сапасына қатысты тұтынушылық құқықтарын бұзды, соның салдарынан ол күйзеліске түсіп, денсаулығына қатысты мәселелер туындады деп есептеп, сотқа талап қою берген. Өз талаптарында ол жауапкерден 50 мың теңге көлемінде моральдық зиянды өндіріп алуды сұраған.

Сот талқылауы барысында тараптар бітімгершілік келісімге келген. Оның шарттары бойынша құжатқа қол қойылған сәтте жауапкер талап қоюшыға моральдық зиянды өтеу есебінен 20 мың теңге төлеген. Азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, сот ұйғарымы заңды күшіне енген.