Павлодарда жүргізушілер саябақтың бірінде жаяу жүргіншілер аймағымен жүргені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Павлодар облысы полиция департаментінің Instagram-парақшасында Металлургтер саябағында жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында анықталғаны — видео Instagram-да жарияланғаны хабарланды.

«Бейнежазбада Kia K5 маркалы көліктің жүргізушісі жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен жүргені тіркелген. Сонымен қатар, Газель маркалы көліктің жүргізушісі де осындай бұзушылыққа жол берген. Бұзушылар анықталды. Жаяу жүргіншілер жолымен, жол жиегімен және тротуармен жүргені үшін жүргізушілер жауапкершілікке тартылды», — деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Полиция саябақтар мен басқа да қоғамдық орындардың аумағы ең алдымен азаматтардың қауіпсіз демалуына арналғанын еске салады. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтап, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін құрметтеуі қажет.