Павлодарлық жүргізуші мен жолаушы ән айтып, желмен жүргені үшін айыппұл алды, деп хабарлайды infohub.kz.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіден Geely автокөлігінің жолаушысы қозғалыс үстінде алдыңғы есіктің терезесінен шығып, ән айтып жатқан видеоны анықтады.

Павлодар қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы орынбасары Медхат Жылқыбаевтың айтуынша, тексеру барысында жүргізуші мен жолаушының жеке басы анықталған. Жүргізушіге жолаушы тасымалдау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылса, жолаушы да жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Полиция мұндай әрекет жолаушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін және жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Ведомство жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді сақтауға және өздері мен айналасындағыларды қауіп-қатерге ұшыратпауға шақырды.