Павлодарда сот «Кибер-шериф» бағдарламалық-аппараттық кешенін 2026 жылы әкімшілендіру мен техникалық қызмет көрсетуге арналған мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысын заңсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Павлодар облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, сот талқылауы барысында конкурс жеңімпазы — жауапкершілігі шектеулі серіктестік — мамандарының Амстердамдағы (Нидерланды) «Learn2Max» орталығында оқығаны туралы сертификаттар ұсынғаны анықталды.
Алайда Нидерланды Корольдігі Сауда палатасының дерегінше, «Learn2Max» деген компания ел аумағында тіркелмеген, ал компания сайтында көрсетілген мекенжай жалған болып шықты.
Сонымен қатар «Кибер-шериф» борттық аппараттық-бағдарламалық кешенінің құқық иесі әрі әзірлеушісі, бір мезгілде оқытудың да құқық иесі, серіктестік мамандары олардан арнайы оқытудан өтпегенін растады.
Сот сатып алынатын қызметтер әлеуетті өнім берушіден дәл «Кибер-шериф» бағдарламасының кешендері мен жүйелік серверін техникалық сүйемелдеу бойынша нақты білімді талап ететінін, ал бұл полиция департаментінің ақпараттық қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты екенін ескерді.
Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсы қорытындысының хаттамасын сот заңсыз деп танып, күшін жойды, ал жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен жасалған шарт жарамсыз деп танылды. Шешім заңды күшіне енді.


