Павлодар тұрғыны ТЖМ қызметкерімен дауласып, 91 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Оқиға 28 маусым кешке Академик Сәтбаев көшесіндегі қайық стансасында болған, деп хабарлайды infohub.kz.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері акваторияны патрульдеу кезінде шамадан тыс жүктелген қайықты байқаған. Онда екі баланы қоса алғанда жеті адам болған. Ал құтқару кеудешелері тек екі жолаушыда ғана болған. Тоқтау талабынан кейін қайық жағаға бет алған.
Сол жерде кеме жүргізушісіне қызметтік катерге өтіп, медициналық куәландырудан өту ұсынылған, алайда ол бас тартқан. Сонымен қатар, ер адам құжаттарын көрсетуден және ТЖМ қызметкерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан.
Сотта павлодарлық кінәсін толық мойындап, өкінген. Ол камуфляж киген адамның шынымен ТЖМ қызметкері екеніне күмәнданғандықтан бағынбағанын түсіндірген.
Сот іс материалдарын, процеске қатысушылардың түсініктемелерін және оқиғаның бейнежазбасын зерделеген. Нәтижесінде бұзушының кінәсі дәлелденген.
«Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындау мен өкінуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Сот қаулысымен ер адам азаматтық қорғау органдары қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 90 825 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», — деп хабарлады сотта.
Сот шешімі заңды күшіне енген.


