Павлодарда үш жасар бала тіс дәрігеріне барғаннан кейін реанимацияға түсті: туыстарының айтуынша, қыздың тісін емдеу кезінде жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға барар жолда жүрегі тоқтаған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

NUR.KZ агенттігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлағандай, оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған. tipavlo.dar Instagram-аккаунты бір әйелдің хатын жариялаған. Онда 21 қазанда Павлодардағы стоматологиялардың бірінде тісін емдеу кезінде оның жиенінің жағдайы нашарлағаны айтылады: баланың көзі атып, тыныс алуы бұзылған.

«Әпкем жылаған соң көрші кабинеттегі медбике жедел жәрдем шақыртты. (...) Жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтады, облыстық балалар ауруханасының қабырғасында жүрек екінші рет тоқтады», — делінген туысының хабарында.

NUR.KZ тілшісі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады. Онда 2023 жылы туған қыздың 21 қазанда сағат 15:45-те жедел жәрдем бригадасы облыстық балалар ауруханасына жеткізгенін растады.

«Бала қабылдау бөлімін айналып өтіп, өте ауыр жағдайда реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі таңда қыз өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды терапия жүргізілуде. 22 қазанда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының (UMC) және «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ мамандарымен телемедициналық консультация өткізілді. Пациентті бақылау тактикасы мен одан әрі емдеу жолы келісілді», — деп хабарлады басқармада.

Айта кетейік, баланың жағдайын динамикада бағалау және жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін анықтау үшін облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күн сайын пәнаралық консилиум өткізеді. Жағдай денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке бақылауында.

«Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары зерттеп жатыр, тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі», — деп қосты басқармада.