Петропавл тұрғыны алимент төлеуден жүйелі түрде жалтарғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды. Оның ұлы алдындағы қарызы 1,5 млн теңгеге жеткен. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысының соты анықтағандай, ер адам кәмелетке толмаған баласын асырау үшін алимент төлеуге міндетті болған, бірақ міндеттемелерін орындаудан жалтарған. Оның жинақталған берешегі ірі сомаға жеткен.

Іс қарау барысында қазақстандықтың нақты жұмыс тауып, жалақы алу мүмкіндігі болғаны, алайда ол бұл мүмкіндікті пайдаланбағаны және Жұмыспен қамту орталығына жүгінбегені анықталды. Сонымен қатар, тұрғылықты жері бойынша оған теріс мінездеме берілген және ол алимент төлемегені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Түзелу мүмкіндігі берілгеніне қарамастан, сотталушы тиісті қорытынды жасамады және баланы асырау бойынша міндеттемелерін орындаудан жалтаруын жалғастырды», — деп хабарлады сотта.

Сондай-ақ сот Петропавл тұрғыны 2021 жылдан бері ұлымен байланыста болмағанын, оны тәрбиелеуге қатыспағанын, оның денсаулығы мен тағдырына қызығушылық танытпағанын анықтады.

Сотталушы кәмелетке толмаған баланы асырау бойынша қаражат төлеу міндеттемесін орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, оған бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Үкім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Астана тұрғынының ауруына байланысты алимент көлемін азайтуға тырысқаны, бірақ сот оған сенбегені хабарланған болатын.