Петропавлда танымал көше суретшісі Станислав Алерт бір ауладағы қоқыс контейнерлерін бояғаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
КТК телеарнасының сайты мәлімдегендей, суретші қоқыс жәшіктеріндегі жазуны бейнеролик түсіру үшін салған. Дайын контентті Станислав Алерт әлеуметтік желілерге жариялаған, оны сол жерден құқық қорғау органдарының қызметкерлері көрген.
Ұсақ бұзақылық үшін ер адам бес тәулікке қамалды. Алып әріптерді дереу бояп тастағаны да жауапкершіліктен құтқармағаны атап өтілді.
Бұл оқиға өңірде кең резонанс тудырды: Станислав Алерт үйлердің қасбеттерін безендіретін талантты көше суретшісі ретінде танымал, ол қаланың көптеген танымал нысандарын көркемдеуші.
Сотта ер адам кінәсін мойындады. Суретші бұл оқиғаның егжей-тегжейін босатылғаннан кейін хабарлайтынын уәде етті.
«Қоқыс жәшіктерінде: KISS MЕ деген жазу жазылған болатын. Бұл, шын мәнінде, бейнеролик үшін жасалды. Мен Берлин галереясының резидентімін. Әлемдік деңгейдегі білікті суретшімін, қазіргі таңда менің картиналарым Берлинде және Францияда, Парижде ілулі тұр», — деп түсіндірді Станислав.


