Петропавлда Есіл өзеніне жақын орналасқандықтан тұрақты түрде су тасқынына ұшырайтын «Заречный» шағын ауданының тұрғындарын кезең-кезеңімен көшіру басталды. Болашақта ауданды тұрғын үй құрылысынан толық босату жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алғашқылардың бірі болып «Заречныйде» 30 жылдан астам тұрған 72 жастағы Евгения Шелуткова жаңа баспана алды. Енді ол жаңа екі бөлмелі пәтерге көшеді.

«Осындай уайым-қайғы, алдын ала алаңдайсың: су қандай болады, не болады, қалай басады. Әрине, көктемді асыға күтеміз. Енді бұл бізге қатысты болмайды. Енді тыныш өмір сүреміз», — деді Петропавл тұрғыны Евгения Шелуткова.

Көшірілетіндер үшін екінші көпқабатты үй салынды. 90 пәтерге арналған бірінші үй былтыр пайдалануға берілген еді. Енді тағы 72 отбасы жаңа баспана алады.

Ауданның тағы бір тұрғыны Уазипа Уваисова «Заречныйде» 2017 және 2024 жылдары қатты су тасқыны болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын көктемде тұрғындар судың көтерілуін алаңдаушылықпен күтетін.

Шағын ауданда барлығы 266 отбасы тұрады. Оның оннан сәл астамы көшуден бас тартты. Процесс кезең-кезеңімен жүріп жатыр, алдағы уақытта билік тағы бір тұрғын үй құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев жеке үйлер мен баракаларды көшіруден кейін бұзатынын хабарлады. Үш қабатты үйлерді шамамен бір-екі жылға қалдыру жоспарлануда.

«Әзірге бұл үйлерді қатты мұқтаж адамдарға уақытша баспана ретінде береміз, олар қаражат жинай алады. Бірақ жалпы кентті біртіндеп босатамыз», — деді Мұхамедиев.

«Заречный» шағын ауданы Петропавлдың шетінде Есіл өзенінің бойында орналасқан. Тұрғын үй және әлеуметтік нысандардан басқа, онда түзеу мекемесі бар. Болашақта колонияны да басқа жерге көшіру жоспарлануда.