Польша Республикасының Президенті Кароль Навроцкий Краковтегі қайғылы оқиғаға байланысты жалпыұлттық аза тұтудың ресми рәсімін бастады. Аза тұту күндері 8 және 9 қарашаға белгіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Рәсімнің басталғаны туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Рафал Леськевич мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті өкімнің жобасы жақын арада контрасигнациялау үшін Премьер-министр Дональд Тускіге жіберіледі.

«Краковтегі қайғылы оқиғаға байланысты Польша Республикасының Президенті Кароль Навроцкий жалпыұлттық аза тұтуды жариялаудың ресми рәсімін бастады. Аза тұту 8 және 9 қарашада сақталады. Бұл мәселе жөніндегі өкімнің жобасы жақын арада контрасигнациялау үшін Премьер-министр Дональд Тускіге жіберіледі», — деді Рафал Леськевич.

Сонымен қатар Краков басшысы Лукаш Гибала қаланың өзінде аза тұтуды жариялау туралы өкімге қол қойды. Ол 11 қарашаға дейін жалғасады.

Соңғы деректерге сәйкес, атыс салдарынан алты адам қаза тапты, тағы 15 адам жарақат алды. Премьер-министр Дональд Туск бұны теракт деп мәлімдеді. Жарақат алғандардың арасында Германия, Ресей, Австрия, Португалия және Ұлыбритания азаматтары бар.

Атыс жасаған адам ұстау кезінде жарақат алып, кейін ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Күдіктінің көлігінен қару мен оқ-дәрі табылды.

Бұған дейін атыс Польшаның Краков қаласының орталығында болғаны, сол кезде қаза тапқандар мен жарақат алғандар туралы ақпарат түскені хабарланған еді.