Olympic.kz мәліметінше, 27 шілде мен 16 тамыз аралығында Астанадағы Ұлттық теннис орталығының ашық хард корттарында ATP Challenger Tour (АТР сериясы) мен World Tennis Tour (Әлемдік теннис туры) жарыстарын біріктіретін халықаралық теннис турнирлерінің сериясы – Президент кубогы өтеді, деп хабарлайды infohub.kz.

27 шілде мен 9 тамыз аралығында World Tennis Tour-дың W15 (әйелдер) және M15 (ерлер) санатты турнирлері өтеді. Келесі күні, 10 тамызда, ATP Challenger 50 және тағы бір World Tennis Tour W15 турнирі басталады.

Биыл Қазақстан атынан Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Аружан Сағандықова, Асылжан Арыстанбекова, Інкәр Дюсебай, Сандуғаш Кенжибаева және Альбина Какенова сынға түседі.

Президент кубогы Қазақстанда 1991 жылдан бері өткізіліп келеді, ал халықаралық мәртебе турнирлерге 2007 жылы берілді.

Өткен жылдардағы жеңімпаздар қатарында – қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев, украиндық Илья Марченко, аустриялық Себастьян Оффнер, қазіргі Германия құрамасының капитаны Райнер Шуттлер, хорват Иван Додиг (жұптық сында Australian Open және Roland Garros чемпионы), қытайлық Чжан Шуай (жұптық сында «Үлкен шлем» турнирлерінің екі дүркін чемпионы) және басқалар бар.