«Прогресс МС-35» жүк кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Экипажға қажетті қордан бөлек, ол орбитаға қашықтан басқарылатын роботпен жүргізілетін экспериментке арналған жабдықты жеткізеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Союз-2.1б» зымыраны 16 қыркүйекте Мәскеу уақытымен 16:34-те (Астана уақытымен 18:34-те) 31-алаңның ұшыру кешенінен ұшты. «Роскосмос» кеменің белгіленген орбитаға штаттық режимде шыққанын, зымыранның үшінші сатысынан бөлінгенін және күн панельдері мен антенналарын ашқанын мәлімдеді.

«Прогресс МС-35» барлығы 2,4 тоннадан астам жүк жеткізеді. Оның ішінде 842 кг отын, 420 кг су, 50 кг оттегі, 275 кг азық-түлік, дәрі-дәрмек, гигиена құралдары, станция жұмысына қажетті жабдық пен шығыс материалдары бар.

Жүктің бір бөлігі ғылыми эксперименттерге, соның ішінде «Теледроидқа» арналған.

Эксперимент аясында ғарышкерлер антропоморфты роботтың ашық ғарышта қашықтан басқару арқылы жекелеген операцияларды орындай алатынын тексереді.

Осы мақсатта станцияға ғарышкердің арнайы жұмыс орны — экзоскелет жіберілді. Оның көмегімен оператор роботтың қозғалысын басқара алады. Оператор ретінде жұмысқа дайындықты «Роскосмос» ғарышкері Анна Кикина өтті.

«Теледроидтың» өзі ХҒС-қа келесі жүк кемесімен келеді.

Эксперимент барысында экипаж роботтың заттарды сақтау орнынан алып, құралды ғарышкерге бере алатынын және онымен түрлі операцияларды орындай алатынын тексеруді жоспарлап отыр.

«Прогресс МС-35» станцияның ресейлік сегментіндегі «Поиск» модулімен 19 қыркүйекте Мәскеу уақытымен 16:46-да түйіседі.

Бұған дейін Курсив Ресейдің 2027 жылы Байқоңырды жалға алуы үшін Қазақстанға 55 млрд теңгеден астам төлейтінін хабарлаған.

Ал қарсаңында «Роскосмос» басшысы Дмитрий Баканов Қазақстанның Байқоңырды халықаралық ғарыш хабына айналдыру бастамасы Ресеймен ынтымақтастыққа әсер етпейтінін мәлімдеді.