«Прокурорлық сүзгі» тетігі Абай облысында «Эйкос» ЖШС-нің негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылуының алдын алды. Компания аймақта шина қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қадағалау органының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Бас прокуратураның Инвесторлар құқығын қорғау комитеті үйлестіретін тетік іске қосылды.
Прокуратураға келісуге Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің компанияны тұтынушылар құқығын қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы қаулысы түсті. Алайда тексеру бұған негіз жоқ екенін көрсетті. Прокуратура келісім беруден бас тартып, инвесторға қатысты әкімшілік қудалауды тоқтатты. Қаулыны дайындаған лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Өнеркәсіп министрлігінің дерегінше, салынып жатқан кәсіпорынның қуаты жылына 5,7 мың тонна қайта өңделген шинаны құрайды. 2024 жылы жарияланған жоба құны — 2,3 млрд теңге. Инвестор сондай-ақ 100 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
Зауыт термиялық және механикалық қайта өңдеу әдістерін қолданады. Жылына 12 мың тонна пайдаланылған шинадан: 600 тонна пеш отыны, 600 тонна брикеттелген гранулят, сонша жоғары легирленген болат сым, 6300 тонна әртүрлі фракциядағы резеңке түйіршіктері, 1500 тонна металл корд және 1600 тонна тоқыма талшығы алу жоспарлануда. Резеңке үгіндісі плитка, суару шлангтары, спорттық және балалар алаңдарына арналған жабындар, сондай-ақ автомобиль аксессуарлары мен модификацияланған битум өндіру үшін қолданылады. Зауыт сонымен қатар мұнай төгілуінен су беттерін тазартуға арналған материалдар шығаратын болады.
«Прокурорлық сүзгі» тетігі Қазақстанда 2024 жылы президенттің тапсырмасы бойынша инвесторларды мемлекеттік органдардың негізсіз шешімдерінен қорғау үшін құрылған. Инвесторға қатаң шектеулер немесе айыппұлдар қолданар алдында мемлекеттік орган прокуратураның келісімін алуы тиіс.
«Әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторлар Абай облысы прокуратурасына +7 707 144 00 16 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы жүгіне алады», — деп атап өтті баспасөз қызметінде.
Бұған дейін «Прокурорлық сүзгі» Ақмола облысында сәтті жұмыс істеп, 5,8 млрд теңге тұратын тау-кен байыту комбинатын салып жатқан «Qazaq Kaolin» ЖШС-не қатысты заңсыз тексеру жүргізген лауазымды тұлғалар жазаланған болатын.


