Мәскеу облысындағы Истра өзенінің жағасындағы ресейлік әнші Алла Пугачеваға тиесілі жер телімдері символдық бағаға сатылды. Сауда-саттық өтіп, жеңімпаз бұрын бұл жерге меншік заңдылығын тексеруді бастаған кәсіпкер атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2025 жылдың қарашасында кәсіпкер Глеб Рыськов Примадоннаға шағым түсіріп, оның Истра су қоймасындағы Малые Бережки ауылындағы үйінің жанындағы жағалау аймағын заңсыз иеленіп отырғанын мәлімдеді. Ресводресурстар жүргізген тексеру бұл дәлелдерді растап, материалдар Бас прокуратураға жолданды.
Сот талқылауының нәтижесінде Пугачева жер телімдерін аукцион арқылы сатуға міндеттелді. Жердің жалпы ауданы Истра өзенінің жағалау сызығының 2,5 мың шаршы метрін құрады. Жалғыз қатысушы Рыськов болған сауда-саттықта лот 14 мың рубльге (шамамен 77 мың теңге) сатылды. Алайда, бәсекелестер болмағандықтан, жеңімпазбен келісімшарт сатуға емес, 2036 жылға дейін су пайдалануға жасалды. Осылайша, кәсіпкер жер телімдерін он жылға пайдалануға алды және мұнда яхта клубын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Еске салайық, Пугачева мен оның отбасы 2022 жылдың қазанында Ресейден кеткеннен кейін әнші мен Максим Галкиннің Мәскеу түбіндегі Грязь ауылындағы сарайын тәркілеу туралы ұсыныстар мезгіл-мезгіл айтылып тұрады. Бұл үй-мүлік ресейлік кәсіпкер жақында сатып алған жағалаудағы жер телімдерінен шамамен 65 шақырым жерде орналасқан.
Көптеген бақылаушылар жердің арзан бағаға сатып алынуы жұлдызды жұптың мүлкін тәркілеу процесінің басы болуы мүмкін деп санайды. Рыськовтың өзі жақын арада Пугачеваның Малые Бережкидегі үйінің өзін беруді талап етпек, себебі әншінің саяжайындағы көптеген құрылыстар заңсыз салынған деп есептейді.
Саратовтан шыққан кәсіпкер Глеб Рыськов танымал адамдардың меншік құқығына дау айту әрекеттерімен танымал. Бұған дейін ол Филипп Киркоровтан Мәскеу өзеніндегі жеке жағалауды сот арқылы тартып алуға тырысқан, сондай-ақ Моргенштерннен Кіші Истра өзенінің жағалау белдеуін алуға ұмтылған. Лариса Долинаға қатысты Мәскеу облысында тоған салуға байланысты прокуратураға арыз берген.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Пугачеваның сахнаға оралуын жоққа шығармайтынын және Киевте өнер көрсетуді армандайтынын хабарлаған.


